АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кибералаяқтыққа қарсы заң жобасын шұғыл әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде кибершабуылдардың басым бөлігі шетелден келеді. Спикердің айтуынша, жауапкершілік осы тізбектің барлық қатысушыларына бірдей қарастырылуы керек.
"Яғни, алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар ғана емес, оған ықпал ететіндер де қатаң жауапқа тартылуға тиіс. Ол – мобильді операторлар, қаржы ұйымдарының қызметкерлері, дропперлер және басқа да қатысушылар", - деді Қошанов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Осы орайда төменгі палата төрағасы кибералаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікті барынша қатаңдату қажеттігін жеткізді.
"Заңды күшейтпей, халыққа қолайсыздық туғызып отырған алаяқтардың әрекетін тоқтату мүмкін емес. Сондықтан тиісті комитетке шұғыл түрде тиісті заң жобасын дайындауды тапсырамын", - деп атап көрсетті Қошанов.
Айта кетері, былтыр алаяқтарға алданған қазақстандықтар он бір айдың ішінде 96,5 миллиард теңгеден айырылды.