АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссияның алқасы тауарларды декларациялау ретінде көліктік, коммерциялық және басқа да құжаттарды пайдалану тәртібі туралы нұсқаулыққа өзгерістер енгізді.
Комиссияның баспасөз қызметі хабарлағандай, ЕАЭО елдері үшін жалпыға бірдей белгіленген декларация формасының орнына тізімді пайдалану жағдайлары кеңейтілді.
"Олардың арасында ресми халықаралық спорттық жарыстарда пайдалануға арналған бұрын әкелінген немесе әкетілген тауарларға қатысты арнайы кедендік рәсімнің аяқталуын атап өтуге болады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ медициналық көмек көрсету үшін жеңілдетілген кедендік құжат арқылы адам ағзалары мен тіндерін, қан мен оның компоненттерін декларациялау мүмкін болып отыр. Сонымен қатар шығындар параметрлеріне қатысты ақпаратты көрсетпеу мүмкіндігі қарастырылған.
"Бұл өзгерістер тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік декларациялауды жеңілдетеді және оларды алушыларға жеткізу уақытын қысқартады", - деп түсіндірді Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік ынтымақтастық министрі Руслан Давыдов.