АСТАНА, 1 сәуір - Sputnik. Таиландтың оңтүстігінде Ресей мен Қазақстанның туристері мінген қайық жарылды.
Жергілікті жаңалықтар порталдарында осындай хабарлама таралды. Төтенше жағдай Пхукет провинциясындағы Майтон аралына жақын теңізде болған. Қайықта 31 адамның болғаны айтылып жатыр.
"Оқиға кезінде 30 турист суда болды, бір ресейлік турист бортта қалып, күйіп қалған. Зардап шеккен адам медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді", - деді полиция өкілі.
Қалған 30 турист зардап шеккен жоқ және қонақ үйлеріне оралды.
Сыртқы істер министрлігіндегілер Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын айтты.