АЛМАТЫ, 1 сәуір - Sputnik. Павлодарда "HAS" қаржы пирамидасын ұйымдастырушылары мен жетекшілеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
Пирамида ұйымдастырушылары өздерін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде таныстырған. Олар азаматтарды түрлі инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеп, ай сайын 70%-ке дейін пассивті табыс алуға уәде берген.
"Әлеуметтік желілерде жалған акциялар белсенді түрде жарияланып, оның ішінде Астана мен Қосшы қалаларында тұрғын үй салу туралы ақпарат таралған. Жүріп жатқан құрылыс алаңдарының иллюзиясын жасау үшін декорациялар мен арнайы техника жалданған. Нәтижесінде қаржылық пирамидаға 5 мыңнан астам салымшы тіркелген", - дейді ведомство.
Сот үкімімен қаржы пирамидасының 5 қатысушысы 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, құны 1 миллиард теңгеден асатын мүлік тәркіленді. Активтер қатарында — 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары, коммерциялық емес ғимарат және есепшоттардағы қаражат бар.