АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Түркістан облысында бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен 30 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Күдікті облыс тұрғындарының бірін Мысырға жұмысқа орналастырып беремін деп алдап ақша алған.
Жедел іздестіру іс-шаралары кезінде Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті ер адам өзінің танысынан 100 мың теңгеге жуық ақша алып, байланысқа шықпай, "ізін суытқан".
Тәртіп сақшылары оның бұдан бөлек осындай жеті алаяқтыққа қатысы бар екенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеге жуық. Ол жәбірленушілерден алған ақшаны бас пайдасына жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің ісі сотқа өтті.