АЛМАТЫ, 31 наурыз – Sputnik. Беларусь туристері Түркістан облысындағы Шымкент-Самара тасжолында қазақстандық полицейлердің 200 мың теңге талап еткені туралы видео жариялады.
Айтуларынша, полицейлер қазақстандық техникалық байқаудың жоқтығын сылтауратқан көрінеді.
Бұл жағдайдың немен аяқталғаны белгісіз. Бірақ Қазақстанның Ішкі істер министрлігі аталған видеоға назар аударды.
"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде патрульдік полиция қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін Шымкент-Самара тас жолындағы оқиғаның бейнежазбасы анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Ықтимал зардап шегушілерден ресми шағым түспегені, көліктің тіркеу деректері анықталмағаны аталып өтті.
Соған қарамастан қылмыстық іс қозғалып, тиісті бөлімше басшылығына қатысты қызметтік тексеру басталды.