АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. 7 футбол клубын жекешелендіру ұсынылып отыр, деп хабарлады бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Агенттік жеке қолға өтетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесін жариялады. Бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын 461 субъект таңдалды.
Салалар бойынша: ОЭК – 200; өнеркәсіп және индустрия – 20; АӨК – 147; БАҚ, көлік және байланыс – 14; әлеуметтік сала – 76; қаржы нарықтары саласы-4.
Бұл тізбеге Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 8 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы кірді, оларды сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру ұсынылады; Түркістан облысы әкімдігінің "Сарыағаш" емдеу-оңалту кешені мен басқа да бірқатар ұйымдар.
"Сондай-ақ, 7 футбол клубын жекешелендіру ұсынылып отыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық құрылтайда олардың коммерциялануы мен облыстық бюджеттерге тәуелсіз, өздігінен қаржылануының маңыздылығын атап өткен ұстанымына сәйкес келеді", - деп хабарлады агенттік.
Айта кетейік, бұған дейін легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейтіні хабарланған болатын.