АСТАНА, 18 наурыз - Sputnik. Жетісу облысы Сарқан аудандық білім бөлімінің ММ бас бухгалтері 8 жылға сотталды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қылмыстық істі Талдықорған қалалық соты қарады.
Сарқан аудандық білім бөлімінің үш бухгалтеріне, "Қазпошта" АҚ аудандық учаскесінің бастығына, "Айдана" бөбекжай-бақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушыға және Жетісу облысы ішкі мемлекеттік аудит басқармасы камералдық бақылау бөлімінің басшысына қатысты үкім шықты.
"Бухгалтерлер мен аудандық пошта бөлімінің басшысы білім бөлімі қызметкерлерінің шоттарына белгіленген жалақыдан артық ақша аударып, 1,6 млрд теңге бюджет қаражатын жымқырған", - дейді ведомстводағылар.
Ішкі мемлекеттік аудит қызметкері аудит жүргізбеу сылтауымен балабақшадан қаражат иемденген. Ал бухгалтер мен балабақша меңгерушісі оған пара бермек болған.
"Сот үкімімен білім бөлімінің бас бухгалтері 8 жылға, тағы екі бухглатер мен аудандық пошта бөлімінің басшысына 7 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды. Ал балабақша меңгерушісіне 1,2 млн теңге, ішкі мемлекеттік аудиттің бөлім басшысына 1 млн теңге айыппұл салынды", - дейді антикордағылар.
Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.