Салымшылардың ақшасына 10 автокөлік сатып алған күдіктілер ұсталды

Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйымдар тәркіленді
Sputnik
АСТАНА, 18 наурыз - Sputnik. Шымкенттегі "Nazira Gold" қаржы пирамидасы қызметін тоқтатты, деп хабарлайды қаржы мониторингі агенттігі.
Өздерін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларының 20-40%-ін ай сайынғы табыс ретінде алады деп уәде берген.

"Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам салымшы тартылған", - дейді агенттіктегілер.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған.
Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйымдар тәркіленді.
Күдіктілер екі айға қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Тұрғындарды 2 млрд теңгеге алдап кеткен: қаржы пирамидасын құрғандарға сот үкімі шықты