АСТАНА, 17 наурыз– Sputnik. Қазақстанда медицина қызметкерлері үшін 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектенов "Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында" мақаласында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жаңа төлем денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға, әсіресе ауылдық жерлерді қажетті мамандармен қамтуға мүмкіндік береді деген жоспар бар.
"Мәселен, ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Тұрғын үй мәселелерін шешудің қолжетімді құралдары бар", - дейді Бектенов.
Айта кетері, бұған дейін Маңғыстау облысында 60 дәрігер жергілікті бюджеттен әлеуметтік төлем алған болатын. Облыстың ауылдық аудандарына жұмысқа келген 32 дәрігер 8,5 млн теңгеден көтерме жәрдемақы алса, Жаңаөзен қаласын таңдаған 11 дәрігерге 5 млн теңгеден берілді. Ал Ақтау қаласына барған 17 дәрігерге 3 млн теңгеден төленді.