АСТАНА, 13 наурыз - Sputnik. 15-ке жуық мемлекет Украинаның қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз етуге қатысуға дайын екенін білдірді, деп мәлімдеді Франция қорғаныс министрі Себастьян Лекорню. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
"Біз ерікті елдердің бас штаб басшылары Украина үшін қандай қауіпсіздік кепілдіктері болуы мүмкін екенін талқылаған бірінші отырыстың қорытындысын шығардық. Көлемі ауқымды консенсус пайда болуда… Бас штаб басшылары қысқа және орта мерзімді келешекте саяси көшбасшыларға ұзақ мерзімді бейбітшілік немесе кем дегенде атысты тоқтатуға арналған қауіпсіздік архитектурасы қандай болуы мүмкін екендігі туралы гипотеза әзірлеуге кірісті. Қазіргі уақытта 15-ке жуық ел бұл процесті жалғастыруға қызығушылық танытып отыр", - деді Лекорню Франция, Германия, Польша, Италия және Ұлыбритания қорғаныс министрлерінің Парижде өткен баспасөз мәслихатында.
Лекорнюдың айтуынша, "мұны тек Украина аумағында батыс әскерлерінің болуы туралы мәселеге ғана тіреу дұрыс емес".
"Шұғыл талқыланып жатқан басқа да мәселелер бар. Бұл Қара теңіздегі қауіпсіздік мәселесі, Украина атом электр станцияларының қауіпсіздігі және терең талқыланатын басқа да мәселелер", - деді ол.
Ол "қауіпсіздіктің бірінші кепілі" Украина армиясының болып қала беретінін, осыған байланысты "Украинаға көмек көрсету және Ресейдің тыйым салынған активтерін пайдалану мәселесі" белсенді түрде талқыланып жатқанын айтты.
Бір күн бұрын Франция президенті Эммануэль Макрон Еуроодақ бас штабының, сондай-ақ Түркия, Канада және Ұлыбританияның басшыларымен кездесу өткізді. Әңгіме Мәскеу мен Киев арасында бітімгершілік келісімге қол жеткізілгеннен кейін Украинаға әскер енгізу мүмкіндігі туралы болды.
Ресей президенті Владимир Путин қаңтарда Ресей Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен кездесуі кезінде Украинадағы қақтығысты реттеудің мақсаты атысты қысқа мерзімге тоқтату және кейіннен қақтығысты жалғастыру мақсатында күштерді қайта топтастыру және қайта қаруландыру үшін тынығу емес, ұзақ мерзімді бейбітшілік болуы керек деп мәлімдеді.