АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. 11 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде халықаралық автомобиль жүк тасымалдауларында "e-CMR" электронды халықаралық көлік жүкқұжаттарын қолдану бойынша пилоттық жобаны іске асыру бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.
Жұмыс тобының құрамына ЕАЭО елдерінің көлік, цифрландыру, салық және кедендік реттеу саласындағы уәкілетті органдарының, сондай-ақ бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми ұйымдар мен салалық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
Сараптама алаңының жетекшісі – Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошев.
"Бүгін біз автомобиль көлігі саласында құқықтық маңызы бар электронды құжат айналымына көшуге тағы бір қадам жасадық. Жұмыс тобы ЕАЭО-да электронды халықаралық көлік жүкқұжаттарын қолдану бойынша пилоттық жобаны жүргізу мерзімі мен тәртібін анықтайды, сондай-ақ оны іске асырудың практикалық мәселелерін пысықтайды", - деді ЕЭК министрі.
Жобаның негізгі мақсаты – цифрлық қолтаңба тетіктерін және "сенімді үшінші тарапты" пайдалана отырып, әртүрлі мемлекеттердің субъектілері арасында электрондық құжаттарды трансшекаралық алмасу технологиясын тәжірибелік сынақтан өткізуді қамтамасыз ету.
Пилоттық жоба көлік құжаттарын алу және тексеру үдерісін жылдамдатуға, сондай-ақ көлік, логистика және бақылау-қадағалау рәсімдерін жүзеге асыру кезіндегі шығындарды азайтуға көмектеседі.
Жұмыс тобының отырысын 2025 жылдың екінші тоқсанында өткізу жоспарлануда.