Алматы облысында 900 келі есірткі тәркіленді

Жыл басынан бері заңсыз айналымнан екі тоннадан астам есірткі алынды
Sputnik
АСТАНА, 12 наурыз — Sputnik. Алматы облысында құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Арнайы операция барысында үш адам ұсталды. Олар жалға алынған үйдің аумағында 10 сотық жылыжайда қарасора өсірген. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы - 900 килограмм. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"2025 жылдың басынан бастап заңсыз айналымнан екі тоннадан астам есірткі, оның ішінде 120 кг синтетикалық есірткі, 600 грамм кокаин және 140 кг гашиш тәркіленді. Есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.