АЛМАТЫ, 9 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі ел аумағында "Қару" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш күн ішінде 30-дан астам қару жасырылған орынды анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
360 атыс қаруы, 12 граната және үш мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.
"Сонымен қатар бұрын ұрланған жеті қару анықталды, оның төртеуі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Бұдан бөлек, бұрын жоғалған алты қару тәркіленіп, 14 қару ерікті түрде тапсырылды", - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Шара барысында атыс қаруын заңсыз сақтау және алып жүрудің 120 фактісі анықталып, 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі азаматтарға қаруды кез келген уақытта ерікті түрде тапсыру мүмкіндігі бар екенін және бұл үшін ешқандай құқықтық салдар болмайтынын еске салады.