АЛМАТЫ, 5 наурыз – Sputnik. Түркістан облысында 27 жастағы полиция қызметкері құқық бұзушыны ұстау кезінде қаза тапты, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
"5 наурызда "Жібек жолы-Жетісай" трассасында патрульдік полиция инспекторы Қанат Ғабитов жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген құқық бұзушыны ұстау кезінде қайғылы қазаға ұшырады", - деп жазды ведомство.
Полиция департаментінің Sputnik Қазақстан тілшісіне берген мәліметі бойынша полиция қызметкері құқық бұзушыны қуып бара жатып жол апатына түскен.
"Түркістан облысы полиция департаментінің ұжымы полиция аға лейтенанты Қанат Ғабитовтың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Сондай-ақ қаза тапқан қызметкердің отбасына қажетті қолдау көрсетіледі", - дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Марқұм Қанат Ғабитовтің артында әйелі мен баласы қалды.