Астанада тіркелетін бір адамға қанша шаршы метр белгіленеді - мәслихат төрағасының жауабы

Үйде тұратын жақын туыстарға мұндай тіркеу нормативі қолданылмайды
Sputnik
АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Астана қалалық мәслихаттың төрағасы Табиғат Зейнұлқабден тіркеу нормативі аясында бір адамға қанша шаршы метр белгіленетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжіліс Астанада тіркеу нормативін енгізуге қатысты заңды бірінші оқылымда қабылдады. Оған сәйкес, бір пәтерде тіркелетін адамдардың нормативін мәслихат бекітеді. Астана мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің айтуынша, бүгінде нормативке қатысты нақты ұсыныстар бар.

"Пәтерде бір адам үшін 15 шаршы метр, ал студентер үшін жатақханада 10 шаршы метр көлемінде тіркеу нормативін енгізуге қатысты ұсыныс бар. Бұның барлығы әлі талқыланады", - деді Зейнұлқабден Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, үйде тұратын жақын туыстарға тіркеу нормативі қолданылмайды. Олар емін-еркін тіркеле береді.
Айта кетері, үкімет Астанада тіркелуге шектеу қойылған жағдайда маусымдық жұмысқа келгендер қалай тіркелетінін де ойластырды.
Үлескерлер үшін маңызды өзгеріс заңға енгізілуі мүмкін