АСТАНА, 4 наурыз — Sputnik. Түркістанда туристерге арналған QR кодтары бар арнайы карталар енгізіледі, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи мұражайы құнды жәдігерлермен толықтырылады. Тарихи орындар мен мұражайларды қалпына және ретке келтіру қажеттілігін әкімдік туризм және мәдениет саласының өкілдерімен талқылап жатыр.
Түркістан ерекше мәртебеге ие болғаннан кейін туризм саласындағы жұмыс қыза түсті. Қаладағы ұйымдармен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Зүлфухар Жолдасов Түркістанның әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Жиында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді инфрақұрылым мен инклюзивті туризмді құру және қаланың бірегей дизайн кодын енгізу жайы айтылды.
Сондай-ақ мұражай маңындағы заңсыз сауданы ретке келтіру қажет, деді әкімдік. Жергілікті "Визит орталығының" қызметкерлері мен гидтері халықаралық тағылымдамадан өтуге жіберілетін болады.
Қаланың ерекше мәртебесі мерекелерге де әсер етті. Мәселен, Түркістанда Наурыз мейрамын 10 күн бойы тойлау жоспарланып отыр. Іс-шаралар 14-23 наурыз аралығында өтеді.
Түрлі қайырымдылық шаралары, концерттер мен көрмелер ұйымдастырылады. Қонақтарды спорттық шаралар да күтеді. Сондай-ақ республикалық ақындар айтысы, қойылымдар мен сенбіліктер өтеді.
4 наурызда "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жарияланды, оған сәйкес Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қаланың рухани, тарихи, мәдени және туристік орталығы болып табылады.