АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Қазақстанда су басу қаупін азайтуға бағытталған алдын алу және инженерлік жұмыстар аясында 576 шақырым қорғаныс бөгендері мен біліктері тұрғызылды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
822 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар салынды. Автомобиль және теміржол қатынастарында 960 су өткізу құрылыстары орнатылып, ауыстырылды.
"74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық түбін тереңдету, жағалауды нығайту және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендерді қабылдайтын 3,5 мыңнан астам пункт дайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде 6-7 наурызда еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінде "Көктем-2025" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі.