АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Бүгін наурыз айында өтетін ҰБТ басталды, ол 6 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл жолы 163 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76%-ы қазақ тілінде, 23,9%-ы орыс тілінде, 162 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Белгілі болғандай, тестілеудің бірінші күні республика бойынша 775 адам ҰБТ тапсырады.
"Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – "Биология-Химия", яғни талапкерлердің 17,5%-ы медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсуді жоспарлаған. Ал 17,1%-ы "Математика-Физика", 10,5%-ы "Математика-Информатика" пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ инженерлер мен IT-мамандары", - деп жазылған хабарламада.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.