Бүгін – Алғыс айту күні

Алғыс айту күні – бірлік пен достықтың жарқын мерекесі
Sputnik
АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні аталып өтеді. Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі.
Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 14 қаңтарда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады. Содан бастап елімізде тағы бір мереке пайда болды.
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мейрамда Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.
"1944 жылы 23 ақпан біздің шешен ұлты үшін азалы күн болды. Үйлерге баса көктеп кіріп, қару асынған әскерилер шешендерді жаппай вагондарға тией бастаған. Вагон емес, мал таситын жүк пойыздары болған. Қыстың қақаған аязында сол вагондарда өлген адамдарды көмбеген де, жол бойы лақтыра берген. Сенесіз бе, өліп қалған құндақтаулы баласы көмусіз қалмасын деп, емізіп отырғансып бауырына тыққан аналар болған", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында шешен этно-мәдени орталығының төрағасы Лайла Пашаева.
Қазақ жеріне вагондап әкелген шешен ұлты ауыр күндерді кешіреді.
"Қазақстанға келгенімізде екі ұлтты бір-бірімен араластырмаған, жау етіп көрсеткен. Сол жылдары қазақтардың өздері де аштықты бастан кешіп жүрген кезі. Бірақ олар бізді де бауырына басты. Шешендер суықтан, аштықтан көп қырылған. Біздің ұлтқа өзі тұрған жерден қозғалуға болмаған. Ал бейіттер өзеннің екінші шетінде орналасыпты. Сонда қазақтар өзенді кешіп келіп, қайтыс болған шешендердің мәйіттерін алып, қорымға арулап көміп жүрген", - дейді Лайла Пашаева.
Аштықты да, тоқтықты да бірге көрген шешендер үшін Қазақстан өз Отанына айналған.
Қазақ жеріне жаппай күштеп қоныс аударылғандарды құртпен атып, аштықтан аман алып қалған – қазақтар, жер аударылып келгендерді де құтқарған – қазақтар, дейді Лайла Пашаева.
"Олар әу баста қазақтардың балалары таспен ұрып, бізді одан ары мазақ етті деп түсінген. Кейіннен оның құрт екенін, жейтін ас екенін білген. Олар әлі күнге алғыс айтып келеді. 1994 жылы шешен республикасында соғыс болды, сол кезде де біз келіп қазақты паналадық. Әрине ол жылдары Қазақстан өз Отанымызға айналып та кеткен. Менің екі Отаным: тарихи Отаным, туған Отаным бар. Қай жерде болмасын мен қазақтың шешен ұлтына жасаған жақсылығын үнемі айтып жүремін", - дейді шешен этно-мәдени орталығының төрағасы.
Өскеменде аязды күнің бірінде жол бойында тұрған жолаушыны ала кеткен тұрғын Ернұр Жұматаев мына бір оқиғаны айтқан екен:
"Жолай алған кісі шешен ұлтының өкілі екен. Аязда тоңғаны бар, оның үстіне қазақ екенімді естіп бауырын көргендей бас салып құшақтады. Мен аң-таң болдым. "Бауырым, білесің бе, менің атам өмір бойы қазақтарды сыйлап өтуді бар ұрпағына өсиет етіп кетті. Өйткені атамның тірі қалғаны, біздің өмірге келіп, ұрпағымыздың аман қалуы тікелей қазақтардың арқасы. Атам "аш-жалаңаш шешенді бауырына басқан қазақты сыйлауды өсиет етемін деді".
Қазақ жері бір ғана шешен емес, талай ұлттың панасы, қара шаңырағына айналды.
Тарихтың әділетсіз тұсы көп, бірақ адамдықтың биік шыңын дәлелдейтін де кезі аз болмаған. Солардың бірі - 1937 жылы жер аударылған кәрістерді қарапайым қазақ отбасылары құтқарып қалғандығы, дейді Алматыдағы кәріс ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Дамир Дигай.
"1937 жылы мыңдаған кәріс Қазақстан мен Орта Азияға жөнелтілді. Тамақсыз, сусыз, жылы киімсіз - көбісі қырылып қалды. Ең қиыны алда күтіп тұрды. Тірі қалғандар жапан далада, үйсіз, киімсіз, қалай тірі қалуды білмей дағдарған", - дейді ол.
Өз күнін әрең көріп, әупірімдеп жүрген қазақ елге вагондап әкелген жат ұлтты бауырына тартады.
"Менің атам Дигай Ен Дюнді қазақ отбасы асырап алған. Осында келіп жұмыс істеп, еңбек етуді үйренген. Қазақ тілін жатқа білген. Достары сондай көп болды", - дейді Дамир Дигай.
Оның айтуынша, қоныс аударғандарды аштықтан аман алып қаламыз деп жүріп, қазақтар өздері ассыз қалған.
"Киіз үйлеріне кіргізіп, көп ұлтқа баспана берген. Қазақтар кәрістерді шаруашылықты жүргізуге үйретті. Олар мал шаруашылығы мен егіншілік дағдыларын игерді, бұл оларға өмір сүруге ғана емес, тірі қалуға көмектесті. Бұл жай ғана көмек емес, бұл үлкен жомарттық еді", - дейді Дигай.
Қазақтардың арқасында кәрістер аман қалып қана қоймай, Қазақстанның бір бөлігі болды. Уақыт өте келе олар ауыл шаруашылығын, ғылымды, мәдениетті дамытуға атсалысты. Олардың арасында табысты саясаткерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар пайда болды. Бүгінде Қазақстанда 100 мыңнан астам кәріс тұрады және олар бұл жерді өз Отаны деп мақтанышпен атайды.
"Содан бері 90 жыл өтіпті, бірақ біз сол кездегі жақсылықты әлі ұмытқан жоқпыз. Қазақтар ең қиын уақытта да адам болып қалудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді", - дейді Дамир Дигай.
"Бауырластығымыздың айқын көрінісі": Әзербайжан президенті Тоқаевқа не үшін алғыс айтты