Заңдылық пен әдеп нормаларын бұзған: 40 судья жауапқа тартылды

Жауапқа тартылғандар ішінде 31 аудандық деңгейдегі судья, 5 аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары бар
Sputnik
АСТАНА, 28 ақпан - Sputnik. Былтыр 40 судья жауапкершілікке тартылып, 6 судья қызметінен босатылды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриінің төрағасы Нұржан Қайыпжан айтты.
Былтыр сот жюриі 77 тәртіптік істі және тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау бойынша 1 материалды қарады. Жалпы былтыр 40 судья жауапкершілікке тартылды.
"Оның ішінде 31 аудандық деңгейдегі судья, 5 аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары бар. Сондай-ақ 2 облыстық және оларға теңестірілген соттардың судьялары, 1 облыстық соттың сот алқасының төрағасы мен 1 облыстық соттың төрағасы бар. Барлығы 40 тәртіптік жаза қолданылды, оның ішінде ескерту түрінде – 21, сөгіс түрінде – 13, судьяны қызметінен босату түрінде – 6 іс болды", - дейді Нұржан Қайыпжан.
30 судья сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты өрескел бұзса, 6 судья әдеп кодексінің нормаларын бұзған.
"Сен үйде неге отырсың": Судья 19 жастағы жігітті не үшін соттағанын түсіндірді