Қостанайда серуенге шыққан әйел адасып кетті

Адасып қалғанын сезген ол "112" құтқару қызметіне қоңырау шалып, көмек сұраған
Sputnik
АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik. Қостанай облысында ТЖМ құтқарушылары орманда адасып қалған әйелді тапты, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
"Бүгін Алтынсарин ауданында, орман алқабында демалыс базасынан алыс емес жерде құтқарушылар 1953 жылы туған әйел адамды орманнан аман-есен алып шықты", деп жазылған хабарламада.
Анықталғандай, шипажайда демалыста жүрген зейнеткер серуенге шығып, кері қайтатын жолды таба алмай қалған. Адасып қалғанын сезген ол "112" құтқару қызметіне қоңырау шалып, көмек сұраған.
Құтқарушылар зейнеткермен телефон арқылы байланыста болып, жергілікті жердің сипаттамасын алып, әйелді жедел іздестірген. Табылған әйел адамды шипажайға жеткізді, ол медициналық көмекке мұқтаж болмады.
ТЖМ мамандары орманға барғанда сақтық шараларын сақтау маңызды екенін ескертті.
ТЖМ мамандары екі күнде 182 адамды құтқарды