АСТАНА, 25 ақпан — Sputnik. Семейде жасөспірімдер алтыншы сынып оқушысын соққыға жықты. Абай облысының полициясы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Әлеуметтік желіде бір топ мектеп оқушысының баланы ұрып-соғып, қорлап жатқаны жайлы видео тарады. Оны қорлағандардың арасында қыздар да болды.
Облыстық полиция департаменті жасөспірімдер арасындағы жанжал ерекше бақылауға алынғанын, жәбірленушіге жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Мектеп оқушысымен психологтар жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады полиция.
"Абай облысында болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Жанжалға қатысқан барлық тарап анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта жәбірленуші жасөспірімге ерекше назар аударылуда — ол арнайы орталықта мамандардың бақылауында", - деп хабарлады полиция.
Оқиғаға қатысы бар жасөспірімдерге қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Ертең кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтеді, онда әрбір қатысушының әрекеті жеке қаралып, қажетті шешімдер қабылданады.