АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. 2024 жылғы су тасқыны салдарынан агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпкерлік субъектілеріне жылжымайтын мүлік бойынша келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидасы бекітілді.
Бұйрықты Ұлттық экономика министрлігі жариялады. Ол 2024 жылғы 1 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады және 2025 жылғы 31 наурызды қоса алғанға дейінгі уақытқа жарамды болады.
Бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құны, не шығын болған тұрғын үй мен басқа үй-жайлардың құны өтеледі.
Сақтандырылған жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ 2024 жылдың 1 наурызынан кейін сатып алынған мүлікке өтемақы төленбейді.
Өтемақы мөлшерін анықтау үшін фермерлер сметаны, мүлікті бағалау қорытындысын немесе сот немесе мамандандырылған зерттеу нәтижесін ұсынуы керек.
Шешімді комиссия қабылдайды.