АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Еурокомиссия Украинаға көмекті одан әрі қаржыландырудың барлық нұсқасын қарастыруда, оның ішінде тыйым салынған ресейлік активтерді пайдалану да бар, деп мәлімдеді Брюссельде өткен брифингте Еуроодақ сыртқы саясат қызметінің өкілі Анитта Хиппер. Бұл туралы РИА Новости жазды.
"Біз Украинаға қазір қолымызда бар барлық құралмен, соның ішінде ресейлік активтер арқылы көмектесуді жалғастырудың барлық мүмкіндігін қарастырып жатырмыз", - деді Хиппер.
Сонымен бірге Еуропалық комиссиядағылар мұндай "пайдалану" заңды ма деген сұраққа жауап бере алмады. ЕК өкілі сұрақ қойған журналистке екіжақты форматта жауап беруге уәде берді.
Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін Еуроодақ пен "Үлкен жетілік" елдері Ресейдің шамамен 300 миллиард еуроны құрайтын валюта қорының жартысына жуығын бұғаттап тастады. 200 миллиардтан астам қаражат Еуроодақта, негізінен (176 миллиард) әлемдегі ең ірі есеп айырысу және клиринг жүйелерінің бірі – бельгиялық Euroclear шоттарында жатыр. Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді бірнеше рет ұрлық деп атап, ЕО жеке тұлғалардың қаражатын ғана емес, сонымен бірге мемлекет активтерін де бұғаттағанын мәлімдеді.