АСТАНА, 19 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов "TikTok" әлеуметтік желісіне жас шектеуін қою туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Премьер-министр Олжас Бектеновке қарата айтылған сауалда ол аталған әлеуметтік желідегі балалардың санасын улайтын контентке шек қою керек екенін айтты.
"ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шек қою керек. Елімізде ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шек қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек деп есептейміз",– деді депутат.
Еске салайық, былтыр көрші Қырғызстанда Тикток желісіне тыйым салынды.