АСТАНА, 16 ақпан - Sputnik. Әлеуметтік желілерде Шерзаттың өліміне қатысы бар болуы ықтимал күдіктілердің изоляторда туған күн тойлап отырған бейнежазбасы тарады.
Кадрларда бір топ ер адам туған күнді атап өтіп, тортпен бірге шырақ үрлеп жатқанын көруге болады.
Қалың көпшілік бұл оқиғаны Талғарда Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған күдіктілермен байланыстырып отыр. Халық ресми органдардан түсініктеме талап етті.
Алматы облысының полиция департаменті видеожазбаға қатысты мәлімдеме жасады.
"Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлға, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды", – деп хабарлады полиция.
Айта кетері, 2024 жылдың 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болатқа шабуыл жасалып, ол ауыр жарақаттан көз жұмған. Бұл іс бойынша 11 күдікті ұсталды.
Кейін 12 қазанда белгісіз біреулер Шерзаттың отбасы тұрған үйді өртеп жіберді. Кейінірек Шерзат Полаттың ағасы жұмбақ жағдайда қаза тапты.
Қаңтар айында Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталғаны хабарланды.