АСТАНА, 6 ақпан — Sputnik. Елордалық оқушы Ақмола облысындағы мектепке жарылғыш зат қойылды деп хабарлама жіберген. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Оқушы жарылғыш зат Талапкер ауылындағы мектепке қойылды деп хабарлаған. Полиция қауіпсіздік мақсатында 2000 адамды эвакуациялады.
"Хабарламаны жіберген елорданың 15 жастағы тұрғыны екені анықталды. Талапкер ауылында екі мектеп орналасқандықтан, бір уақытта екі мекенжай бойынша әрекет қабылданды. IT мектеп-лицейі мен гимназия мектебінің оқушыларын, оқытушылар құрамы мен техникалық қызметкерлерді эвакуациялау ұйымдастырылды. Жалпы, құқық қорғау органдары 2000-ға жуық адамды эвакуациялады", - деді ведомстводағылар.
Алайда мектептерде күдікті заттар мен жарылғыш заттар табылмаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 15 жастағы күдікті өз әрекетін мойындаған.