АСТАНА, 28 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мазақ қылатын белсенділерді сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, заң мен тәртіпті орнату үшін мәжбүрлеу шараларын да қолдану қажет. Онсыз тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр.
"Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы кейбір азаматтардың елімізді мазақ қылуға әуестеніп бара жатқанын ерекше атап өтті.
"Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден "керемет жетістіктерді, табыстарды" тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі "қоғам белсендісі" санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе", - деп атап көрсетті Тоқаев.