АСТАНА, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасын қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер аясында қосылған құн салығын 20 процентке дейін көтеру жоспарланып отыр. Тоқаевтың айтуынша, реформаны міндетті түрде жасау керек.
"Реформа керек. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Бірақ ең алдымен қоғамға, жалпы халыққа жақсылап түсіндіру керек. Мысалы, әлеуметтік салық дейміз. Оған аймақтар қатысады. Оны қалай жасаймыз? Соның бәрін қалай істейміз? Оны ойлануымыз керек. Жалпы, реформа керек, мен мақұлдадым. Бірақ енді талқылау керек, зерттеу керек", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осы орайда президент Салық кодексінің мәжілістің қарауында жатқанын еске салды. Биыл дәл осы құжатқа және Бюджет кодексіне басымдық беру керек.
"Қателесуге құқығымыз жоқ. Біз ұлттық қордан трансферттерді азайтуымыз қажет", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.