АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық сақтандыру жүйесі халықтың ақшасын қалай үнемдеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 3 есеге, яғни 1 триллион теңгеден 2,9 триллионға дейін ұлғайды. Соның арқасында дәрігерлер жалақысы да 2,3 есеге өсті.
"Ал тұрғындардың медициналық көмеккежұмсалатын қалта шығындары 34 пайыздан 28 пайызға дейін азайды", - деді Әлназарова мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Биылдан бастап сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 миллион астам азаматты тартуға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленді
"Бұл азаматтардың қалта шығындарын едәуір төмендетуге және оларды қаржылық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған", - деп атап көрсетті министр.
Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың 83 проценті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Олардың ішінде 72 проценті - мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған осал топтардағы азаматтар.