Жетім балаларды тәлімгерлікке алуға болады – құжат президентке жіберілді

Sputnik
АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Сенат депутаттары "Баланың құқықтары туралы" заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұдан былай жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға ғана емес, тәлімгерлікке де алуға рұқсат беріледі. Ол үшін заңға "тәлімгерлік жөніндегі ұйым" ұғымы енгізіліп отыр. Ондай ұйымдар тегін қызмет көрсетеді.
Ал тәлімгер болуға үміткер адамдар сол ұйымдарда оқып шығуға міндетті болады. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, бүгінде тәлімгерлікке үйрететін екі ұйым бар. Былтыр олар 280-ден астам балаға тәлімгерлік жасауға көмектесті.
"Бүгінде баланы асырап алу, патронат болу және қамқоршылық жасау тәртібі бар. Соның негізінде тәлімгерлер де іріктеледі. Тәлімгерлік – бұл ерікті қызмет. Оған қаржы қарастырылмаған. Сондықтан тәлімгерлерге ешқандай сыйақы төленбейді", - дейді Жұмаділдаева сенаттың бүгінгі отырысында.
Айта кетері, қазіргі кезде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 77 білім беру ұйымдарында 2 962 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың тек 330-да тәлімгер бар.
“Баспанамен қамту үшін 120 жыл керек”: мәжілісте жетімдер мәселесі көтерілді