"Қызыл судан қауіп көп": Алматы облысында жерасты суы ауыл тұрғындарын әбігерге салды

Қарасуда қазіргі күні мыңға жуық отбасы тұрады
Sputnik
АЛМАТЫ, 22 қаңтар - Sputnik. Алматы облысы Іле ауданы Қарасу ауылының тұрғындары күн жылынса, үрейлері үдей түседі. Айтуларынша, көктем шыға ауыл біткен қызыл судың астында қалады. Қарасулықтардың базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Қарасуда қазіргі күні мыңға жуық отбасы тұрады. Ауыл Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылдық округіне жалғасып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, арықтардың барлығы көміліп, үй салынып кеткен. Салдарынан тұрғын үйлер қызыл судың астында қалады.
"Мына дренаж тұрған жердің бәріне үй түсіп кеткен. Бір де бір арық қалмады. Көктем шығып күн жылына Қарасудағы үй біткен судың астында қалады. Анау жерде дренаж болған, мына жақта да дренаж болған. Қазір біреуі де жоқ", - дейді тұрғын Марат Игембаев.
Бұл маңда ауыл пайда болғалы – 20 жыл дейді тұрғындар.
"Мына жерде үлкен арық болған, оны көміп тастады. Көктемде су аққанда, үйім су астында қалды. Былтыр су алғанда ауылды әбігерге салған. Қазір қардан көрінбей тұр, ал көктемде адам жүргісіз", - дейді қарасулықтар.
Алматы облысында жерасты суы ауыл тұрғындарын әбігерге салды
Қарасуға жауапты – Өтеген батыр ауылдық округінің әкімдігі. Қарасулықтардың әкімдікке реніші болмау керек дейді әкім Қанат Рахимов. Оның әкім болғанына 4 жыл толыпты.
"4 жылда жол салынды, әлі де салынып жатыр. Жарық тартылды. Биыл Жібек жолы мен Көкқайнар көшелерін саламыз. Басқа да көшелер салынды. Интернет мәселесі де шешілді", - дейді Қанат Рахимов.
Ал ауылды басатын қызыл судың күрделі мәселе екенін әкім де мойындап отыр.
"Жер астынан су шығып, көптеген үйдің жертөлесіне су толып кетті. Ол бүгін-ертең шешілетін жұмыс емес. Эксковатормен қаза салатын жұмыс емес. Бұл үшін үлкен жоба жасалады. Бұл проблема былтыр ғана пайда болды, оған дейін су басқан емес. Тұрғындар да өтініш айтқан емес. Айтылмаған мәселеге аяқасты ақша бөліне салмайды ғой", - дейді әкім.
Қарасулықтар мен әкімді әбігерге салған жерасты суы қайдан пайда болғанын әкім түсіндіріп берді.
"Былтыр бұл жерді геологтар, су ирригация басшыларына көрсеттік. Олар жабық түрдегі дренаж желілер салу керек, сонда жерасты суы сол дренажбен ағып кете береді деді", - дейді Қанат Рахимов.
Әкімнің айтуынша, Қарасудағы жерасты суы туралы мәселе күрделі, бірақ шешімі табылады.