Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізімі енгізіледі - заң қабылданды

Sputnik
АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаттары СТ-KZ сертификаттарының орнына отандық өнімдердің бірыңғай тізімін енгізуге арналған заңды бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бірыңғай реестр нағыз қазақстандық тауар өндірушілерді анықтап қана қоймай, оларды мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін де арттырады деген жоспар бар. Қазіргі кезде отандық тауар өндірушілер үш түрлі сертификат алуға міндетті. Олар: “СТ-KZ”, индустриалды сертификат және экспорттық тауар шығу сертификаттары. Соның бәрін “Атамекен” кәсіпкерлердің ұлттық палатасы береді. Ал қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі енгізілсе, сертификаттарды алып тастайды.
“Қазіргі уақытта сертификаттау процесі едәуір уақытты және қаржылық шығындарды талап етеді, бұл шағын және орта бизнес үшін қиындық тудырады. Бұл сертификаттар ақылы және жеке сарапшылардың қорытындысы негізінде беріледі. Қазіргі ұсынып отырған тізілімге кәсіпорындар ақысыз енгізіледі және оған қосылу мерзімі бойынша шектеулер болмайды, бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді”,-дейді депутат Дүйсенбай Тұрғанов.
Оған қоса, сертификаттар қолма-қол беріледі. Ал жаңа реестр толығымен ақпараттық жүйе негізінде жүргізіледі. Соның арқасында өтініш беруші мен әкімші арасында тікелей байланыс болмайды. Тізілімді индустрия және құрылыс министрлігі жүргізеді.
Реестрге қосылу тәртібі:
өтініш беру;
цифрлық верификациялау;
өндірісті бағалау;
Соның негізінде тізілімге қосу немесе қоспауға шешім қабылданады.
Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі 2025 жылда күшіне енетін болады, ал “CT-KZ” нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста қалады. Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Алда тағы екінші оқылым бар.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау: үкімет "Бәйтерек" холдингіне тапсырма берді