"Екі қолынан түк қалмаған": Маңғыстау облысында жасөспірімді ит талап тастады

Баланы ит талап жатқанын ешкім көрмеген. Айдалада ес-түссіз жатқан жерінен газель жүргізушісі тауып алған
Sputnik
АЛМАТЫ, 21 қаңтар – Sputnik. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 16 жастағы жасөпірімді алабай талап тастаған. Баланың әкесі Ықылас Жарылғапов оқиғаның қалай болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Ақшұқыр ауылында 9 сынып оқушысын алабай аяусыз талап тастаған. Оқиға бүгін таңғы сағат 10:00 шамасында болған.
"Балам мұғалімінен сұранып үйге қайтып келе жатқан. "Ата-анам келіп күтіп тұр" деп сынып жетекшісін алдап шығып кетіпті. Сөйтіп үйге қарай такси күтіп тұрғанда арт жағынан келіп, ит тап берген. Бала итпен әбден алысқан. Шамасы жетпеген. Мойнынан құшақтап қылқындырмақ та болған, амалы құрып екі қолын бере берген. Ит екі қолынан түк қалдырмай шайнап тастаған", - дейді жасөспірімнің әкесі Ықылас Жарылғапов.
Баланы ит талап жатқанын ешкім көрмеген, айналада жан баласы болмаған, дейді әке. Оны айдалада ес-түссіз жатқан жерінен газель жүргізушісі тауып алған.
"Баламның ұялы телефонынан бір кісі хабарласты. Балаңызды ит талап тастапты. Жерде құлап жатыр, қасында ұялы телефоны жатыр деп айтты. Ол сол жолдан өтіп бара жатқан газель жүргізушісі екен. Егер ол хабарласпағанда қансырап қалар ма еді сол жерде, қолы телефон ұстауға келмейді. Ал иттің иесі итін бос жіберіп қойған. Үйінің қақпасы сынып, жабылмай қалды дейді. Келіп кешірім сұрап жатыр. Жаңа ғана ауруханадан шықтым, дәрігерлер түк айтпады. Баламның екі қолын таңып тастаған. Сүйегі аман ба, жағдайы қалай болып жатыр, ешнәрсе білмеймін", - дейді жасөспірімнің әкесі.
Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты дейді.
"Бала облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды. Жағдайы тұрақты, ем тағайындалды. Иық тұсы мен шынтағын ит тістеген жарақаттар көп", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Полиция иттің иесін дереу тапқан.
"102 полиция пультіне Ақшұқыр ауылында 15 жастағы жасөспірімді ит тістеп алғаны туралы хабар түсті. Жәбірленуші бірден ауруханаға жеткізілді. Полиция қызметкерлері шұғыл иттің иесін анықтады. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-бабы "Жануарларды ұстау ережелерін бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - дейді облыстық полиция басқармасы.