АСТАНА, 20 қаңтар — Sputnik. Жезқазғандық кенші Ақбейсен Қайырбеков өзі істейтін шахтаның астына киіз үй тікті, деп хабарлады 24.kz.
650 метр тереңдікте орналасқан қазақы үй ауыр еңбекте жүрген жұмысшылардың бір мезгіл бас қосып, шәй ішетін сүйікті орнына айналған. Ақбейсен кейін киіз үйді өндіріс тарихы мен еңбек озаттары жайлы сыр шертетін шағын музейге айналдыруды жоспарлап отыр.
Жезқазғаннан 200 шақырым қашықта орналасқан "Жомарт" шахтасында 1 мыңға тарта кенші вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ақбейсен Қайырбеков 2006 жылы кеніш іске қосылған кезден бері осында еңбек етіп келеді. Жеті қат жер астына киіз үй тігу идеясы отбасынан жырақта жүрген еңбеккерлердің өздерін бір сәт үйінде жүргендей сезінсін деген ойдан туған дейді ол.
"12 сағат жұмыс істейміз. 1-ден 2-ге дейін түскі ас уақыты. Сондықтан таза жерде, таза үйде отырып түскі асын ішсін деген ниеттен туындады", - дейді төбені бекіту телімінің басшысы Ақбейсен Қайырбеков.
Киіз үй төріне қазақтың ұлттық аспаптары, тарихтан белгілі хандар мен батырлардың және осы өңірде өндірістің дамуына үлес қосқан ардагерлердің суреттері ілінген. Мұндағы орындықтың өзі ханның тағына ұқсатып жасалған. Келген жұмысшылар шәй ішіп ғана қоймай, тарихқа қанығып, тіпті ән де салады.
Киіз үйдің есігі тәулік бойы ашық тұрады. Ауыр еңбектен шаршаған кеншілер осында кеп шөл басады. Тек үй иесінің қоятын жалғыз шарты бар. Дастарқан басында еңбек жағдайын түзеу, жұмысшылар арасында сыйластықты арттыру секілді түзу әңгіме айтылуы керек.
"Ақбейсен Төкенұлының әр түрлі идеялары бар. Солардыңішінде осы киіз үй жобасына қолдаубілдірдік. Орнын дайындап, ішін безендіруге көмектестік. Патриотизмді, рухтыкөтеруге пайдалы деп ойлаймын", - дейді кеніштің басинженері Ербол Биболов.
Ақбейсен Қайырбеков киіз үйден бөлек тағы бірнеше жобаны жүзеге асырған. Болашақта ол кеніштің аумағын үлкен саябаққа айналдыруды жоспарлап қойған. Қазірдің өзінде көптеген жеміс ағашын жерсіндіріп, түрлі аң-құстың мүсінін орнатқан. Еңбекқор азамат мұның бәрін жұмыстан тыс уақытта жасаған. Тіпті еңбектің өтеуі деп басшылық ұсынған сыйақыдан да бас тартқан. "Бұл екінші үйімізге айналған жұмыс орныма жасаған азғантай сыйым" дейді ол.