Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев карьерасын аяқтады

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін бокстан Олимпиада жүлдегері, қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев карьерасын аяқтады
Sputnik
АСТАНА, 19 қаңтар — Sputnik. Бұл туралы бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Sport+ телеарнасында ресми түрде мәлімдеді.
Ол 33 жастағы Қоңқабаевтың бокс рингіне қайта оралмайтынын айтты. 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері, Азия (2017, 2019, 2021, 2022) және Азия ойындарының (2022) чемпионы Қамшыбек Қоңқабаев қайталанбас жекпе-жек стилімен есте қалды.
Өкінішке қарай, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында Қоңқабаев бокс турнирінің бірінші раундында испаниялық Айюб Гадфадан жеңіліп қалды.
Белгілі спортшының бапкерлік қызметті қолға алуды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат бар.