АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. Ipsos зерттеу компаниясы америкалық The New York Times газетімен бірлесіп жүргізген сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың жартысынан көбі АҚШ үкіметі Украина мен Израильге әскери көмек көрсетуге тым көп ақша жұмсап жатыр деп есептейді.
Сауалнамаға сәйкес респонденттердің 51% АҚШ Украинаға тым көп ақша жұмсап жатыр деп есептесе, 17%-ы тым аз бөліп жатыр деп санайды. Сонымен қатар респонденттердің 28%-ы АҚШ Киевке көмектесу үшін қажетті қаражатты жұмсап жатқанын айтса, тағы 4%-ы сұраққа жауап беруден бас тартты.
Ал респонденттердің 53%-ы АҚШ Израильге әскери көмек көрсетуге тым көп ақша жұмсап отыр деп санаса, 13%-ы үкімет тым аз ақша береді деген пікір білдірді. Тағы 30%-ы АҚШ ақшаны қажетті көлемде бөліп жатыр деп санайды, ал 4%-ы сұраққа жауап бермеді.
Сауалнама 2 қаңтардан 10 қаңтарға дейін жүргізілді және оған 2 128 АҚШ азаматы қатысты.
Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізу қақтығысты реттеуге кедергі келтіреді, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады және оларды "отпен ойнап жатыр" деп санайды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға арналған қару-жарақ тиелген кез келген жүк Ресей үшін заңды нысанаға айналатынын мәлімдеді.