Жұмысшы мамандық иелерінің тұрмысын жақсарту жұмыстары басталды

Премьер-министр ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейтуді тапсырды
Sputnik
АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Үкіметте тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту және баспана қолжетімділігін арттыру мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кеңес кезінде "Отбасы банкін" даму институтына айналдыру және саланы одан әрі дамыту, сондай-ақ жеңілдікті бағдарламаларды қаржыландыру, оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерін қолдау және жаңа өнімдерді шығару бойынша ұсыныстар талқыланды.
"Бүгінде "Қаражанбасмұнай", "Шұбаркөл көмір", "Еуроазияттық энергетикалық корпорация", "ССКӨБ", "Қазхром" ТҰК", "Қазақстан алюминиі", "Қазақстан электролиз зауыты" сияқты ірі кәсіпорындар және басқа да ұйымдармен жұмысшы кәсіп мамандары отбасыларының тұрмысын жақсарту жұмыстары басталды", - делінген ресми хабарламада.
Премьер-министр Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарға арналған ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажеттігін де атап өтті.
Айта кетері, өткен аптада премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмысшы мамандықтарға арналған ипотекалық бағдарламаны енгізу мерзімін жариялаған болатын.
Жұмысшы мамандықтарға арналған ипотекалық бағдарламаны енгізу мерзімі жарияланды