АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Семей қаласындағы техникалық қызмет көрсету станциясында қылмыстық топтың заңсыз қызметі әшкереленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
ТҚС-та кузов пен шасси нөмірін қолдан жасаған. Қылмыстық топ осы заңсыз қызметті бизнеске айналдырған.
Тінту кезінде лазерлі принтері бар жабдық, ноутбук, үш ұялы телефон, сондай-ақ идентификациялық деректерді өзгертуге дайындалып жатқан 9 автокөлік тәркіленді.
Арнайы жасақ Алматы қаласының 40 жастағы тұрғынын құрықтады. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 386-бабы (Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлік құралын өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бостандығын шектеу жазасына тартылуы мүмкін. Оған қоса, мүлкі тәркіленеді.