АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Көлік министрі тағы бір республикалық маңызы бар жолда ақылы жүйені енгізу туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің бұйрығына сәйкес, 26 қаңтардан бастап "Ресей Федерациясы шекарасы (Самара) - Шымкент" тас жолының бойындағы "Қызылорда-Арал" учаскесі ақылы болады. Ал ақша төлегісі келмейтін көлік жүргізушілер үшін баламалы жолдар қарастырылған.
Олар:
"Қызылорда - Павлодар - Успенка - Ресей Федерациясы шекарасы" республикалық маңызы бар автожолының "Қызылорда - Жезқазған" учаскесі;
"Жезқазған - Петропавловск" республикалық маңызы бар автожолының "Жезқазған - Арқалық" учаскесі;
"Арқалық - Торғай" облыстық маңызы бар автожолы;
"Торғай - Шеген - Ақшығанақ - Дүкен - Ырғыз" аудандық маңызы бар автожолы;
"Ресей Федерациясы шекарасы (Самараға) - Шымкент" республикалық маңызы бар автожолының "Ырғыз - Арал" учаскесі; Жаңадан іске қосылатын ақылы жол II санатқа жатады.
Екі бағытта бір жолақтан қарастырылған. Әрбір жолақтың ені - кемінде 3,75 метр. Ақылы жолдың ұзақтығы - 454 км 850 метр. Ал жол учаскесін ақылы негізде пайдалану мерзімі 20 жылды құрайды.