Үкіметтік емес ұйымдарға грант беру байқауы жарияланды

Байқау аясында үкіметтік емес ұйымдар екі әлеуметтік сала бойынша жобаларды ұсына алады
Sputnik
АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Бірыңғай грант операторы 2025 жылға арналған үкіметтік емес ұйымдарға грант беру байқауын жариялады.
"Байқаудың мақсаты – азаматтық бастамаларды қолдау және азаматтық қоғам институттарын әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге тарту", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Байқау аясында үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) екі әлеуметтік сала – "Жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау" және "Отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу" бойынша жобаларды ұсына алады.
Грант тоғыз басым бағытты қамтиды:
Құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті насихаттау.
Қаржылық сауаттылықты арттыру және жастар арасындағы несиеге тәуелділіктің алдын алу.
Қылмыстық жазасын өтеген жастарды оңалту және бейімдеу.
Лудоманияның (ойынға тәуелділік) алдын алу.
Нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес.
Жастарды азаматтық-патриоттық тәрбиелеу.
Отбасын қолдау орталықтарына арналған онлайн-психологиялық қызмет ұйымдастыру.
Медиа арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Отбасылық және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, балалар тәрбиесіне ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Толық ақпарат пен құжаттаманы cisc.kz сайтынан қарауға болады.