Тоқаев "Абу Дабидің орнықты даму апталығы" саммитінде бірінші болып сөз сөйледі

Sputnik
АЛМАТЫ, 14 қаңтар - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Абу Дабидің орнықты даму апталығы" саммитінде азық-түлік қауіпсіздігіне барынша назар аудару керектігін айтты. Тоқаевтың айтуынша, ол күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе. Бұл туралы Ақорда жазды.
"Әлемдік нарықты азық-түлік өнімдерімен және тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық тәсілдер қажет. Қазақстан халықаралық нарыққа мол көлемде бидай мен ұн экспорттайтын ел ретінде орнықты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді көздейді", – деді президент.
Оның пікірінше, бұл сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс. Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады.
"Бірінші, "жасыл" қаржыландырудың қолжетімділігі. Оның көлемі елеулі түрде ұлғаюға тиіс. Екінші, технология трансферті, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Күн энергиясы, "ақылды" ауыл шаруашылығы, көміртегі сүзгісі және жасанды интеллект негізіндегі климаттық технологиялар әртүрлі инновациялық шешімдер ұсынады. Үшінші, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығы. 2030 жылға қарай жаһандық ішкі жалпы өнімнің 16 пайыздан астамын осы үш бағыттың өзара үйлесімі қамтамасыз етуі мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттер орнықты даму саласындағы түрлі мақсаттарға барынша икемді әрі дербес тәсіл қолданғаны дұрыс", – деді мемлекет басшысы.
Президент сөз соңында бұл саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді. Саммитте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Руанда Президенті Поль Кагаме, Финляндия премьер-министрі Петтери Орпо, Малайзия премьер-министрі Ануар Ибрагим, Халықаралық табиғатты қорғау одағының президенті Разан Әл Мүбарак және басқалар сөз сөйледі.