Былтыр кәсіпорындар жұмысшыларға 4,5 млрд теңге қарыз болған

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 17,7 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 қаңтар – Sputnik. Былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары 54 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Былтыр 296 кәсіпорын 18,8 мың жұмыскердің 4,5 млрд теңге көлеміндегі жалақысын бермеген. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда 8,1 мың мәрте еңбек құқығы бұзылғаны анықталды.
Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына 51 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде 17,7 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 3,7 млрд теңге төленді", - дейді ведомство.
Былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 577 тексеру жүргізді, оның барысында 8 122 заң бұзушылық анықталды. Жұмыс берушілерге 3 326 ұйғарым беріліп, 408,5 млн теңге болатын 3 548 әкімшілік айыппұл салынды.