"Оқушыларға қалдық тамақ беріп жатыр": Алматыдағы мектептен шу шықты

Мектеп асханасын комиссия айына екі рет, ал мектептің медицина қызметкері күн сайын тексереді
Sputnik
АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Алматыдағы №67 мектепте шу шықты. Ата-аналардың айтуынша, асхана балаларға қалдық тамақ береді. Қалалық білім бөлімі оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Бейнежазба әлеуметтік желіде тараған. Онда оқушылардан қалған тамақ келесі күні қайта берілетіні айтылған.
"Бейнежазбада баяндалған барлық мән-жайды анықтау үшін тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық топтың жұмыс комиссиясы сол мектепке барды. Барлық мектепте комиссия құрылған, оның құрамына мектеп әкімшілігінің өкілдері, әлеуметтік педагог, медицина қызметкері және ата-аналар қоғамының мүшелері кіреді", - дейді қалалық білім басқармасы.
Ведомствоның айтуынша, мектеп асханасын комиссия айына екі рет, ал мектептің медицина қызметкері күн сайын тексереді.
"Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы бұйрығымен бекітілген "қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың" 65-тармағына сәйкес тамақ қалдықтары мектеп асханасының жеке үй-жайында, сыртқа шығатын есікке таяу жерге қойылуы керек", - дейді басқарма.