АЛМАТЫ, 11 Қаңтар – Sputnik. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығаруды кеңейту үшін өзекті мәселелерді шешетін уақытша жұмыс тобы құрылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Былтыр қарашада Бейжіңде Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы басшылығы арасында келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына молынан шығару кезінде туындайтын өзекті мәселелерді шешетін уақытша жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобының отырысы былтыр 25 желтоқсанында және биыл 10 қаңтарда өтті.
"Келіссөз нәтижесінде қытай тарапы 78 қазақстандық өсімдік шаруашылығы кәсіпорнын аккредитациядан өткізу туралы оң шешім қабылдады. Тіркеу процесі тиісті рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады және ҚХР БКБ жанындағы Жануарлар мен өсімдіктер карантині департаментінің ресми сайтында кезең-кезеңімен жарияланады", - дейді ведомство.
Сонымен қатар алғашқы отырыста қытай тарапы Қазақстаннан Қытайға қант қызылшасының сығындысын, құс етін экспорттау бойынша хаттамалар жобаларына, сондай-ақ союға арналған ірі қара малға және ірі қара малдың терісіне арналған ветеринариялық сертификаттарға ұсыныстар мен түсініктемелер енгізді.