Жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден озды

Sputnik
АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Классик жазушы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды ұлы Едіге Мағауин жеткізді.
"Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген.
1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ал еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967 – 71 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды.
Сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. Ал 1984 – 86 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1988 – 2006 жылдары "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.
Мағауин баспасөз бетінде 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Одан кейін көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары шетел тілдерінде басылған. "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына ие болды.
2006 жылдың желтоқсанында елден біржола кетіп, Чех республикасында қоныстанды. Ал 2015 жылы Америкаға түпкілікті қоныс аударып, Мэриленд штатына көшті.