АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Алматыда ойын-сауық мекемелерінде қорқор шеккені үшін бір түннің ішінде 100-ден астам адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Алматы қорқорларға қарсы ауқымды рейд өтті. Барлығы 12 бар, клуб және дәмхана тексерілді.
"Кальян шеккені үшін 102 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мекемелерден барлығы 96 кальян құрылғысы тәркіленді", – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.
Айта кетері, Қазақстанда 2013 жылдың 14 наурызында қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынған болатын. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабы бойынша кальян шегетін адамдарға 15 АЕК (58 980 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұлдың мөлшері 20 АЕК-ке (78 640 теңгеге) дейін артады.
Ал қорқор ұсынған мекеме иелеріне 20-60 АЕК-ке (78 640 – 235 920 теңгеге) дейін айыппұл қарастырылған.