АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Бүгін Атырауда Жайық өзеніндегі бірегей құтқару станциясының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Нысан аймақтың су айдындарындағы қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттыратыны айтылды.
"Бұл құтқару станциясының ТМД елдерінде баламасы жоқ. Жоба бірнеше негізгі аспектілері бойынша бірегей болып табылады", - делінген хабарламада.
Құрылыс кезінде жоғары сапалы, жылдам құрастырылатын модульдік материалдар пайдаланылды, бұл құрылыс процесін жеделдетіп қана қоймай, нысанның беріктігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Ведомствоның хабарлауынша, нысанның құрылысы 2024 жылдың қазан айының соңында басталып, құрылысы рекордтық 2,5 айда аяқталды.
Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Серік Шәпкенов және азаматтық қорғаныс органдарының ардагерлері қатысты.
Шара барысында Шыңғыс Әрінов апатты-құтқару жұмыстарына арналған жаңа көліктердің кілтін табыстады.