Алаяқтарға көмектескен екі студенттен 18 млн теңге өндіріледі – сот үкімі шықты

Sputnik
АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Қостанай облысында сот алаяқтарға көмектескен екі студенттен 18 млн теңгені өндіріп алуға үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде алаяқтың жеке басы анықталмаған жағдайда жәбірленушілер дроппер, яғни, алаяқтарға өз банк картасын ұсынатын адамдардан барлық шығынды өндіріп алуды сұрайды. Ондай талап-арыздардың саны өсті.
Мәселен, Қостанай облысындағы Қарабалық аудандық соты 19 жастағы екі дроппер-студентке қатысты шағымды қарады. Талап қоюшы олардың әрқайсысынан 9 млн теңгеден астам соманы өндіріп алуды талап етті.
Сотта студенттің біреуі негізсіз баюды ойламағанын, ал өзі алған 9 млн теңгеден астам ақшаны алаяқ көрсеткен есепшоттарға жібергенін айтты. Екінші студент өзінің есепшоттары арқылы банктік операция жүргізілгенін мүлдем білмедім деп мәлімдеді.
"Бірақ банктің мобильді қосымшасы оның биометриялық растамасы арқылы және оның нөміріне жіберілген SMS/PUSH-қауіпсіздік кодтарын енгізу арқылы тіркелген. Талап қоюшы студенттермен таныс емес, олармен мәміле жасамаған, олардың алдында міндеттемелері болмаған және қайырымдылықпен айналыспаған. Осылайша, екі студент талап қоюшының есебінен негізсіз баюға тырысқан", - дейді сот мамандары.
Судья шығынға батқан әйелдің екі талабын да қанағаттандырды. Студенттердің әрбіреуі 9 млн теңгеден қайтарып беруі керек. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сол сияқты Қызылорда қаласының 60 жастағы тұрғыны да сотқа арыз түсірген. Алаяқтар оның атына 4,8 млн теңгенің несиесін заңсыз рәсімдеген. Сосын ақшаны басқа адамдардың есепшотына аударып алыпты. Зейнеткер әйел солардың біреуінен 2 млн теңге өндіріп алуды сұрады.
Дроппердің өзі сотта Telegram-да қосымша табыс тапқанын айтты. Ол үшін банкте есепшот ашып, алаяқтардың нұсқауымен ақшаны үшінші тұлғаларға аудару қажет болған. Әр транзакция үшін 5 мың теңге алған. Судья оны негізсіз баюға әрекет жасады деген шешімге келді. Сондықтан зейнеткердің пайдасына 2 млн теңге өндіріп алуға үкім шығарды.